ҚазРусEng

Тұрақты даму

Қоршаған орта мониторингі

КПО өндірістік қызметінің барлық аспектілерін қамтитын қоршаған ортаны қорғау бойынша бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осындай бағдарламалардың негізгісі болып Өндірістік экологиялық бақылау (ӨЭБ) бағдарламасы табылады. Бұл бағдарлама ҚР Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес және келесі міндеттерді атқару мақсатында әзірленген:

 

  • кәсіпорындардың шығарындылары және өндірістік қызметінің қоршаған ортаға әсері туралы сенімді ақпарат алу;
  • қоршаған ортаға және адамның денсаулығына әсерді барынша қысқарту;
  • оқыс жағдайларда шұғыл алдын алу шараларын жүргізу;
  • кәсіпорынның экологиялық қызметі туралы және халықтың денсаулығына төнетін қауіптер жөнінде мүдделі талаптарға (жергілікті халыққа, мемлекеттік бақылаушы органдарға, серіктес компанияларға) хабарлау.

 

Аталмыш бағдарлама аясында қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларға — яғни шығарындыларды, ағын сулар мен қалдықтарды қайта өңдеу және орналастыруға, сонымен қатар қоршаған орта компоненттерінің сапасына — атмосфералық ауаға, жер үсті және жер асты суларға, топыраққа бақылау жүргізіледі.

 

2023 жылы ӨЭБ бағдарламасы шеңберіндегі қоршаған орта компоненттерінің жай-күйін бақылау аясында анықталатын көрсеткіштердің концентрациясы алдыңғы жылдардағы бақылау деңгейімен бірдей болғанын көрсетті. ҚМГКК қызметінің қоршаған ортаға теріс әсері анықталған жоқ.

 

Ауа сапасының мониторингі аккредиттелген зертхана арқылы сынамаларды іріктеу және талдау негізінде, сондай-ақ 18 стационарлық автоматты ЭМС көмегімен жүзеге асырылады. 2023 жылы ӨЭБ үдерісі аясында 100 мыңнан астам сынама алынып, 115 мың зертханалық талдамалар және 28 мыңға жуық өлшеулер өткізілді.

 

Сонымен қатар КПО тұрақты негізде кен орны аумағындағы қалдықтарды орналастыру нысандарындағы қоршаған ортаның жай-күйіне өндірістік экологиялық бақылау жүргізеді. 2023 жылы Экоорталықтың қатты өнеркәсіптік қалдықтарын көму полигонында, сұйық бұрғылау қалдықтарын уақытша сақтау алаңында, сондай-ақ 35А және 35Б чектерде жер асты сулары мен топырақты бақылау нәтижесінде қоршаған орта компоненттеріне тікелей теріс әсер байқалмайды. Қалдықтардың қозғалысын сандық бақылау көму көлемін, сондай-ақ қалдықтардың жиналу көлемі мен уақытын есепке алу мақсатында жүзеге асырылады.

 

Атмосфералық ауаның сапасын бағалау үшін санитарлық-гигиеналық нормативтер немесе рұқсат етілген шекті шоғырлану (РШШ) талабы қолданылады. Атмосфералық ауаның ластану деңгейін анықтау үшін бақыланатын компоненттердің тіркелген шоғырлануын РШШ-мен салыстырып, бөлшектеп көрсетіледі.

 

Атмосфералық ауадағы ластаушы заттың рұқсат етілген шекті шоғырлануы — қазіргі және болашақ ұрпаққа өмір бойы тікелей немесе жанама еш зиянды әсер етпейтін, адамның еңбекке деген қабілетін төмендетпейтін, оның хал-жағдайын және санитарлық-тұрмыстық өмір салтын нашарлатпайтын шоғырлану.